Еуропа одағы Украинаға әскери көмек көрсету үшін тағы да 504 миллион доллар бөледі. Бұл жөнінде 18 шілдеде Еуропа одағының сыртқы саясат қызметінің басшысы Жозеп Боррель мәлімдеді.
Борррельдің сөзінше, Еуропа одағы Украинаға бұдан әрі де қолдау көрсете береді, керек болса, Ресейге санкция да салады. Айта кетейік, соғыс басталғалы бері Еуропа одағы Украинаға 2,5 миллиард еуро көмек берген.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба әлеуметтік желіде Еуропа одағына алғыс айтқан және Ресейге санкцияны күшейте түсуге, сондай-ақ арнаулы әскери трибунал құруға шақырған.
Жозеп Боррель санкция Украинадағы соғысты тоқтатпайтынын, бірақ Ресейде экономикалық проблема туғызуға тиіс екенін мәлімдеді.
18 шілдеде Еуропа одағы сыртқы істер министрлігі Ресейге салатын экономикалық шектеулердің жаңа пакетін келіскен. Мұнан өзге Ресейдің 48 адамы да санкция тізіміне іліккен.
Тізімге сілтеме жасаған "Настоящее время" хабарына қарағанда, ол адамдардың ішінде Ресейдің бірінші вице-премьері Андрей Белоусов, Мәскеу мэрі Сергей Собянин және Ресейдің Украинаға басып кіргенін қолдаған екі халық әртісі – Сергей Безруков пен Владимир Машков бар.