25 ақп, 2022 сағат 14:55

Еуразиялық үкіметаралық кеңесте қандай құжаттарға қол қойылды?


Бүгін елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысынан кейін бірқатар құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен, «Тасымалдарды бақылау үшін навигациялық пломбаларды ЕАЭО аумағында пайдалану туралы келісімді іске асыру туралы» мәселесі аясындағы және ЕАЭО-ның бірыңғай кеден тарифінің кедендік баж салығына қатысты тапсырмаларына қол қойылды. 

Үкімет басшылары ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жағдайы мен дамыту перспективалары туралы қаулыны бекітті. 

Сонымен қатар бүгінгі отырыста 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы жөніндегі тапсырма қамтылды. Осы орайда жеке тұлғалар өткізетін тауарларды электронды саудалау кезінде жанама салықты өндіру тәртібіне қатысты болып отыр. 

Премьер-Министрлер қарауына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетілген контейнерлік теміржолдық тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жоба туралы құжат енгізілді. 

Мұнымен қоса, көлік құралдарының жекелеген түрлеріне қатысты Кеден одағы комиссиясының кейбір шешіміне өзгерістер енгізу туралы, сондай-ақ «ЕАЭО-ның жекелеген бастамаларына Өзбекстанның қатысуы туралы» мәселелер аясында тапсырмаға қол қойылды. 

Қол қойылған құжаттардың арасында «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдай және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар туралы», «2022-2023 жылдарға арналған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде азаматтық авиақұрылыс саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту бойынша іс-шаралар кешені туралы», «Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңеске Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мүшесін ұсыну туралы», «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» қаулылар бекітілді.