Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алым мәселесіне арнайы тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін. Үкіметтің алдын ала баяндамасы оның дұрыс жолда екенін көрсетеді", - деді Мемлекет басшысы.