26 қыр, 2024 сағат 11:03

"Ештеңе өзгермейді": ДСМ өкілдері тағы да Қазақстандағы жедел жәрдем жұмысы туралы мәлімдеме жасады

Фото: Pixabay

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері медициналық көмек көрсету қағидаларына енгізілетін өзгерістерге, атап айтқанда, жедел жәрдем жұмысы туралы қаулы жобасына қатысты тағы да түсініктеме берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева бірқатар БАҚ-та жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасының мазмұны қате түсіндірілгенін атап өтті.

Ресми өкілдің сөзінше, жеделдікті жақсарту үшін жұмыс уақытында шұғылдықтың IV санатындағы шақыртуларға қызмет көрсетуге медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары тартылады.

"Осыған байланысты біз түсіндіреміз: бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациент шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуға жедел көмек бригадалары қызмет көрсетеді. Осылайша, халық үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады", - деді ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева.


Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобасын әзірлегенін жазған едік. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Кейін жедел жәрдем қызметіне қатысты халық арасында түсінпеушілік туғандықтан ДСМ өкілдері жедел жәрдем қызметіне енгізілетін өзгерістерге пікір білдірді.