Қарағанды облысында далада жоғалған жасөспірімді құтқарған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz ресурсына сілтеме жасап.
16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда қыстақтан 16 жасар жасөспірімнің шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен.
Аталған ақпарат түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шарасының толық кешенін ұйымдастырып, барлық күш-құралдарды баланы іздеуге жұмылдырды.
Баланың ата-анасы екі күн бойы өз күшімен іздеген, алайда одан нәтиже болмаған. Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен.
Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков те жұмылдырылған.
Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.
Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөлікпен аттанғанын, ал ол өзінің серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Ускенбаев екеуінің атпен шыққанын жеткізді.
– Ол жерлер тау-тасты болғандықтан аттармен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олардың қаншалықты үміттерін үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далалықта қасқырлар бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірі күйінде табу ғажайыпқа тең еді. Іздеу жұмыстары таңда басталды. Кейбір жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, бұл ауыл тұрғындарының ізі болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляжды киім кигендіктен, бұл іздеу жұмыстарын одан әрі қиындатты, – дейді Жүнісбеков.
Ауа райы да баланы табу жұмысын қиындатты, күн аязды әрі желді болғанын айта кету керек.
Түнде ауа температурасы өте төмен болды, сондықтан уақыт тығыз еді.
– Атпен жүріп, оны атымен айғайлап шақырдық. Біз өз жаңғырығымызды естіп жүргендіктен, қиын болды. Серігіміз екеуміз әрбір тасты, шөмелені зерттедік, баланы байқамай қалмайтынымызға сенімді болуымыз керек еді. Кеш батып келе жатты, күн батқаннан кейін мұнда іздеу мүмкін емес болатын. Байланыс болған жоқ, бағдарымыздан жаңылдық, алайда біз қараңғы батқанша іздеуді жалғастыра бердік. Тастақта жүру аттарға қиын болды, біз аттан түсіп, кездескен шөмелені тексеруге бардық. Сол жерде біз оның күртешесін көрдік, – дейді учаскелік полицей.
Жұбаныш Жүнісбеков сол сәтте өз жүрегінің дүрсілін естімей қалғанын есіне алады. Жақындап келіп, ол баланың тірі екенін байқаған.
Жасөспірім ызғарлы желден ықтасын іздеп, жерде тастардың арасында жатқан.
– Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, атын атадық. Бала үнсіз тұрды. Ол шок жағдайында болды, себебі ол біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбей тұрды. Алғашқы жарты сағатта біз оған бір ауыз сөз де айтқыза алмадық. Ол тіпті қорқыңқырап тұрды. Артынан ол бізді галлюцинация екен деп ойлағанын айтты, – деді Жұбаныш.
Жасөспірім өзінің далалықта адасып қалғанын және айналшықтап ұзақ жүргенін айтты.
Ол тек түнде ғана шаршағандықтан әрі тоңғандықтан шөмелеге кіріп жылынбақ болған, алайда оған жан-жақтың бәрінен қасқырдың ұлығаны естіліп тұрған.
Ол жабайы аңдардан қорқып жүре берген және жақын арада өз бетімен үйіне жете алмайтынын тез түсінген.
– Ол есін жиған кезде жылап, погондарымды сипалап, рахмет айта бастады. Мен форма киіп алған болатынмын және оны тапқан кезде мен оған погоным мен арқамдағы «Полиция» деген жазбаны көрсетіп, өзін іздеп жүргенімізді түсіндірген едім, – дейді учаскелік полиция инспекторы.
Табылған баланы атқа мінгізіп, олар тездетіп ауылға бет алған.
– Біз ауылға келе жатқанда оны күлдіруге тырыстық, әзілдер мен өмірде болған күлкілі жайттарды айттық. Біз оны тезірек қалпына келтірейік дедік. Қорқынышты жайттың біткенін және оның өміріне енді қауіп жоқ екенін сезінгенін қаладық. Ал бейнежазбаны өзіміздің бақытты сәтімізден естелік үшін түсірдік. Бейнежазбаны әріптестеріме көрсеттім, олар басшылыққа берген. Мен бейнежазба бұлай тез таралады деп ойлаған жоқпын, – дейді ол.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімді үйіне жеткізген кезде анасы оны құшағынан көпке дейін шығармаған.
Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылының учаскелік полиция инспекторы
Жұбаныш Жүнісбеков полицияда 2009 жылдан бері қызмет атқарады. Келіншегімен бірге үш қыз тәрбиелеп отыр, оның ең кішісі екі жаста ғана.
Оның сөзінше, әріптестері оны «жолы болғыш жігіт» деп те атайды екен, себебі ол жүргізген іздеу жұмыстарының басым бөлігі нәтижелі болған.