28 мам, 2025 сағат 14:50

Ермұрат Бапи: «Қазақстанда ұлттық нақыштағы қару-жарақ музейі атымен жоқ»


Фото: Мәжіліс

Елдің бірегейлігін және жас ұрпақты патриоттық пен ата-бабалар ерлігі рухында тәрбиелеу мақсатында теңдессіз таным орталығы – бұл Ұлттық қару-жарақ музейі немесе Ұлттық қару-жарақ палатасы болар еді, деп отыр мәжілісмен Ермұрат Бапи. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Мәселен, Францияда Орта ғасырдан бергі әскери тарихтың куәсі – Париж әскери музейі бар. Лондондағы Корольдік қару-жарақ палатасы мен Империялық әскери музейі британдық елдік пен ерліктің ерен үлгісін паш етеді. 

Сол сияқты, Ресейде Кремльдің қару-жарақ палатасы әлемге әйгілі. Көршілес Өзбекстанда Әмір Темір мұражайының бір бөлігі қару-жараққа арналған. Бакудегі Әзірбайжан көшпенділер музейі Түркі мәдениетінің қару-жарағын дәріптеу орталығы саналады. 

Ал біздің тәуелсіз Қазақстанымызда мұндай ұлттық нақыштағы қару-жарақ музейі атымен жоқ деп отыр депутат Бапи. 

«Біз Ұлы Даланы бірнеше ғасырлық жаугершіліктен сақтап қалған, ғұндар мен сақтардан бергі түркі халықтары шоғырланған континеттің ортасын мекендеген Қазақ ұлтымыз. Ендеше, бізде Ұлттық қару-жарақ музейі неге жоқ?» - деген сауал тастады ол.


Депутаттың сөзінше бізде әлемдік өркениеттің дамуына түрткі болған арбаның ағаш доңғалағынан бастап, аттың ауыздығы мен үзеңгісіне дейін қару-жарақ саналуы тиіс. Қазақ ауыз әдебиетінде садақтың қолданылған материалдарына қарай – «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», техникалық мүмкіндігіне байланысты – «сарыжа», «сарсадақ», «қандауыр садақ», «көнсадақ», «бұқаржақ» атаулары бар. Қылыш, найза мен шоқпардың түр-түрін былай қойғанда, «сақ етер», «сілбі» қаруының бірнеше үлгісі болған. Доспанбет жыраудың бір жырында айтылатын «Сақетер тиді саныңа, сақсыраң толды қаныңа» дейтін «сақ етердің» бірнеше түрі ағайынды темірші-ұсталар Құлментегінің үш бөлмеден ғана тұратын музей-үйінде сақтаулы тұр. 

«Батырлардың жорық киімдерінің неше түрі болған: «аймауыт сауыт», «көбе сауыт», «қанды көбе», «кебенек», «торғайкөз», т.т. Мен атап шыққан қару-жарақ атауының көпшілігі өзбектің Әмір Темір музейінде немесе Әзірбайжан көшпенділер музейінде жоқ.  «Ежелгі жаугер қазақтың бүгінде жоғалып кеткен бұл қару-жарақ түрлерін қайдан табамыз?» деген сұрақ тууы әбден мүмкін. Ешқандай қиындық жоқ! Қазан қаласы, Мәскеу мен Петербордың архивтері мен музейлерін аралап, көзмайын тауысып, қазақтың қару-жарағын жылдар бойы зерттеген ағайынды темірші шеберлер Құлментегілер барлық алғышарт материалды сақтап отыр. («ДАТ» газеті бір топ теміршілердің бастамасын көтеріп, кезіндегі қорғаныс министі, бүгіндері ұлтшыл атанып жүрген Иманғали Тасмағамбетовке дейін шығып, «Қазақ қару-жарақ палатасын» ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бірақ бастама билік тарапынан банды болмады). Тіпті, кейінгі советтік әскери техниканы айтар болсақ, ІІ-Дүние соғысында Қажымхан атамыз өз ақшасына жасатып, майданға сыйлаған Т-34 танкісі немесе қарағандылық қыздар экипажының «КВ» танкісінің үлгілері қару-жарақ музейінің экспонаты болуға әбден лайық емес пе?!», - деген депутат өз сөзін жалғады.


«Бергі Ауған соғысында қолданылған әскери техниканы алар болсақ, «Қара майор» атанған атақты комбат Борис Керімбаевтың жеке күзетіндегі «Шилка» зенит пулеметі немесе Кеңес Одағының Батыры қазақстандық Николай Крименыштың «АК-74» автоматы мен Батыр атағының орынына Жауынгерлік Қызыл Ту ордені берілген лейтенант Сержан Қазақбаевтың тапаншасы бұл музейге лайықты жәдігер-мұра болар еді. Міне, өзіңде жоқ болса, өзгенің қалған-құтқанына кіріптар боласың дегеннен шығады: жуықта Қазақстанда Ресей әскери-тарихи музейінің филиалы ашылыпты. Бұл қандай мұқтаждықтан туған бастама?», - дейді Е. Бапи.


Депутаттың сөзінше бізде ұлт мүддесі мен мемлекеттік тәуелсіздік танымына нұқсан келтіретін осындай қойыртпақ құбылыстарға қатысты қоғамдық дау-дамайды саяси билікпен байланыстыру жаман үрдіске айналып барады. 

«Шет елдің соғыс музейі ашылды деген хабарды түрпідей қабылдаған, өздерін ұл патриоттары атайтын азаматтар әлеуметтік желілерді шулатып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент депутаттарының атына сын айтып жатыр. Ай мен күннің жарығында осындай қоғамдық дүрмек бізге қажет пе еді? Көрші елдермен байланысты геосаяси жағдай теңселіп тұрған кезде, аяқ астынан осындай әскери музейге деген қажеттілік қайдан туды? Осындай сұрақтардың негізінде, сіздерден Қазастанда Ұлттық қару-жарақ музейін ашу қажеттігі жөніндегі мүмкіндіктерді бағамдап, Парламент депутаттарына тұжырымды жауап беруді сұраймын. Бұл жауап ресейлік музейдің филиалына байланысты туындаған қоғамдағы қажетсіз қозғалыстың буын басуға ықпал етуі тиіс деп есептеймін!», - деп сөзін аяқтады Ермұрат Бапи.