20 жел, 2021 сағат 19:35

Ертісбаев: Қазақстан – сыртқы саяси аренада жауы жоқ әлемдегі санаулы елдің бірі


Қазақстан - сыртқы саяси аренада жауы жоқ әлемдегі санаулы елдің бірі. Бұл туралы саяси ғылымдар докторы Ермұхамет Ертісбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің Facebook парақшасында өткен видеокөпір барысында «Қазақстанда ұлттық және діни мәселелер қалай шешіледі? Қазақстанда радикалды ислам мен ұлтшылдық бар ма? Қазақстандағы орыс мәдениеті үшін қауіп бар ма?» деген сауалдар қойылған болатын.

«Жұмсартып айтқанда Ресеймен белгілі бір деңгейде шиеленіс болған елдерді қазір атап өтпей-ақ қояйын. Меніңше, шиеленіс ойланбай жүргізілген тіл саясаты мен тарихи шындықты бұрмалауға тырысудан туындаған. Бұл - түбегейлі анық жайт. Осы тұрғыдан алғанда саясаткер әрі саясаттанушы ретінде бізде мұның бәрі тыңғылықты ойластырылғанын атап өте аламын. Бізде қазақ тілі - мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Конституцияда ол мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп бекітілген. Есімде, 1997 жылы бір топ депутаттарымыз Конституциялық кеңеске «Бірдей сөзі нені білдіреді?» деген сауалмен жүгінген болатын. Конституциялық кеңес «бірдей сөзі мемлекеттік тілдегідей мәртебеге ие» деп нақты жауап берді. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-нің өзге республикаларында аумақ жоғалтуға, турасын айтқанда соғысқа алып келген қателіктерден жалтаруымызды жіті қадағалап отырды», - деді сауалға жауап берген Ермұхамет Ертісбаев. 

Сонымен қатар ол Қазақстан елордасы діни конфессиялардың диалог алаңына айналғанын, бүкіл әлемнің дін өкілдері съезде бас қосатындығын атап өтті. 

«Бұл да - Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын. Сыртқы саясат – ішкі саясаттың жалғасы. Бұл - жалпыға мәлім факті. Егер біз елдің ішінде ұлтаралық келісімді, этносаралық, конфессияаралық диалогты үнемі ресми мәлімдеп отырсақ, онда бұл сыртқы саясатта да көрініс табады. Қазақстан - сыртқы саяси аренада жауы жоқ әлемдегі санаулы елдердің бірі. Ислам фундаметализміне қатысты айтар болсам, бізде өзге елдердегідей үлкен қауіп жоқ. Біз ұлттық қауіпсіздікке басымдық береміз. Бұл - мемлекеттіліктің бірінші бағаны. Тиісті қызметтер мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті нақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бізде де ислам фундаментализмі, терроризм фактілері орын алғанымен, дер уақытында жолы кесілді. Меніңше, бұл айтарлықтай қауіп саналмайды. Дегенмен, тамыр бүлкілін бақылауда ұстап отырмыз», - деді спикер.