26 қар, 2025 сағат 11:02

Ерлан Төлеутай әлемдік екі фестивальде қатарынан «Үздік актер» атанды

Фото: ашық дереккөз

Ерлан Төлеутай халықаралық кинофестивальдерде «Үздік актер» атанды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі актер Ерлан Төлеутайды әлемдік деңгейдегі марапаттарымен құттықтады.

12–22 қараша аралығында Ирландия астанасы Дублинде өткен XIII Silk Road International Film Festival қорытындысы бойынша режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай «Үздік актер» жүлдесін иеленді.

Сонымен қатар, Парижде өткен қазақ киносы фестивалінде де актердің өнері ерекше бағаланып, тағы да «Үздік актер» атағы берілді.

Бұл – отандық кинематография үшін үлкен қуаныш әрі маңызды жетістік. Жүлделер қазақстандық киноға деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын, ал актерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетті.

«Әбіл» фильмі де, Ерлан Төлеутайдың актерлік шеберлігі де Қазақстан киносының әлемдік мәдени кеңістікте өз орнын таба алатынын тағы растады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмнің бүкіл шығармашылық тобына ұлттық кинематографияны дамытуға және қазақстандық өнерді шетелде танытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.