03 қаң, 2022 сағат 15:43

Саиров: Газ бағасының алыпсатарлықпен көтерілуіне жол бермеу шаралары жүзеге асырылады


Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады», - деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

«Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады.

Бізге дәл бүгін бірлік, ынтымақ, сабыр қажет.

«Сабыр түбі сары алтын!».

Сабыр сақтайық, Ағайын!», - деді депутат.