ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакцинаның қорғаныш реакциясы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Айта кететін жәйт, вакцинациялаудан кейінгі қорғаныш әсері, яғни коронавирусқа қарсы антиденелер дозаны алғаш қабылдағаннан кейін 12-14 күннен соң басталады. Толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинацияның толық курсын алу керек», - деп түсіндірді Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, вакцинациялау курсы аяқталғаннан кейін, 1,5 айдың ішінде ағзаның иммундық реакциясы пайда болады. Сондықтан вакцина қабылдаған адамдар профилактикалық шараларды сақтауы керек.
«Сонымен қатар, шілде айына дейін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің вакцинаны өндіру көлемі 2 млн дозаға дейін жеткізілетін болады», - деді Ерлан Қиясов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.