Ертең, 22 ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Instagram-дағы аккаунты.
«Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық талаптарды сақтау мақсатында вакцина салатын медициналық нысанға БАҚ өкілдерінің кіруіне шектеу қояды.
Сағат 9-00-де Хабар24 телеарнасы оқиға орнынан тікелей трансляция жасайды және Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook ресми парақшасынан: көре аласыздар», деп жазады министрлік.
Естеріңізге сала кетейік, А.Ғиният пен Е. Қиясов коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 2021 жылғы 1 ақпанда №6 қалалық емханада алған болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1 ақпаннан Қазақстанда халықты ерікті түрде кезең-кезеңмен вакцинациялау науқаны басталды. «Спутник V« вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 22 мың доза көлемінде жеткізілді және өңірлерге таратылды.
Вакцинаны кәмелетке толған азаматтар ғана алады. КВИ-ға қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.