05 мау, 2019 сағат 12:24

«Баспана» ипотекалық ұйымына жаңа басшы келді

Ерболат Оспанов «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық Банкінің шешімімен 2019 жылғы 5 маусымнан бастап Ерболат Серікұлы Оспанов «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ  басқарма төрағасы болып сайланды.

Ерболат Оспановтың қаржы секторында және мұнай саласында басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар.

2017 жылдан бастап Ерболат Оспанов «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-тың тәуелсіз директоры лауазымын (СЕО) атқарды. Әр түрлі уақытта ол «Borgata Mayer Inc.» компаниясында СЕО (бас директор); «KMG Kashagan B.V.» ЖШЖК-да директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары; «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясында Жергілікті қамтуды дамыту департаментінің директоры; «ҚазМұнайГаз» сауда үйі» АҚ-тың Астана филиалы директорының орынбасары; «Алма-Трейдинг» ЖШС атқарушы директоры; «Қазақшетсақтандыру» ЖАҚ Басқарма Төрағасы; «Өнеркәсіптік сақтандыру тобы» ААҚ Президенті және басқа да лауазымдарда жұмыс істеді.

Ерболат Оспанов 1967 жылғы 25 мамырда дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін «Математика» мамандығы бойынша, Қазақтың Мемлекеттік Басқару Академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша және Лос-Анджелес университетін, Калифорния UCLA, MBA бағдарламасы бойынша аяқтады.

ҚР Ұлттық Банкі - «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-тың жалғыз акционері. «Баспана» ипотекалық ұйымы» «7-20-25» бағдарламасының операторы ретіндегі негізгі міндеті - ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын сатып алу арқылы ипотекалық тұрғын үй кредиттеу нарығының қатысушыларын қайта қаржыландыру.