07 ақп, 2022 сағат 18:15

Ербол Қарашөкеев үш жылдың ішінде сүт өнімі сапасын көтеру қалай жүретінін айтты


Бүгін Мәжілісте «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын талқылау кезінде сүт өнімдерінің сапасына қатысты проблемалар айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған құжатты таныстыру барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ЕАЭО техникалық регламенті аясында Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт қабылдау мәселесін көтерді. 

«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенті аясында Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт зауыттарына сүт қабылдауға тыйым салынады. Өзіңіз білесіз, біздің қосалқы шаруашылықтардың сүт өнімі тамақ өнімі қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді. Бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарда 70 пайызы, яғни 5 млн-ға жуық адам ауылда осы сүтті өткізіп, нәпақасын тауып отыр. Енді, 2025 жылға дейін үш жыл қалды, осыны шешу үшін қандай қадамдар жасалды? Үш жылдың ішінде бұл мәселені шешуге біздің жағдайымыз жете ме? Себебі бұл мәселенің әлеуметтік маңызы зор», - деді Е. Саиров. 

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы мәселе өте күрделі екенін, сондай-ақ үш жылдың ішінде аталған проблеманы шешу міндетті болып тұрғанын атап өтті. 

«2025 жылдан бастап бізде сүт өңдеу зауыттары жеке қосалқы шаруашылықтардан жинап отырған сүттің сапасына міндеттемені көтереді. Осы орайда біздің 40-50 пайыз сүт өңдейтін зауыттардың қабылдап отырған өнімді жеке қосалқы шаруашылықтардан ала алмай қалады. Сол себептен бүгін қарастырып отырған заң жобасы өте маңызды. Қазіргі тәжірибені қарайтын болсақ, Татарстанда, Башқұртстанда тиісті заңдардың аясында жеке қосалқы шаруашылықтардағы ірі қараның, сүттің сапасын көтеруде біраз жұмыс атқарды. Сол себепті Татарстанға сапармен барып, тәжірибесімен таныспақпын», - деді министр. 

Е. Қарашөкеев аталған мәселені жүйелі түрде шешу керек екенін атап өтті. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды кооперация арқылы шешуге болады. 

«Таныстырылып отырған заң жобасының мақсаттарының бірі аталған мәселелерге де арналған. Жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерге бірігіп, осы арқылы мемлекеттік қолдау алып, өздерінің өнімдерінің сапасын көтере алады», - деді ведомство басшысы. 

Осы бағытта асыл тұқымды ірі қара малды көбейту, мамандарды тарту және басқа да жұмыстарды кооперативтер арқылы біріктіріп, жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау жасалмақ.