02 сәу, 2020 сағат 15:38

Эпидемиямен күресте алғы шепте жүрген медқызметкерлерге 40 млрд теңге қарастырылған

2020 жылға арналған бюджетті нақтылау аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға қосымша 125 283,5 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлу мәселесіне арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2020 жылға арналған бюджетті нақтылау аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға қосымша 125 283,5 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 40 609,8 млн теңге карантин шараларын өткізуге атсалысқан денсаулық сақтау жүйесіндегі жұмысшыларды ынталандыруға бағытталған», - дейді ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, қосымша төлем тәуекел топтары бойынша анықталады.

Бірінші қауіп-қатер тобы - жұқпалы аурухана дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, оның ішінде реанимация бөлімшелерінің қызметкерлері. Бір қызметкерге 20 ең төменгі жалақы көлемінде немесе 850 мың теңге беріледі. 

Екінші тәуекел тобы - фармацевтикалық ауруханалар мен жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлері. Бір қызметкерге - 10 ең төменгі жалақы көлемінде немесе 425 мың теңге. 

Үшінші қауіп-қатер тобы - карантиндік ауруханалардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалары. 

Бір адамға 5 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 212,5 мың теңге мөлшерінде беріледі.