25 қаз, 2025 сағат 12:03

Энергияға толы актер

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір бозбала Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «эстрадалық  вокал» бөлімінің студенті атанып, өнер ошағының дәлізінде өтіп бара жатып ректордың көзіне түседі. Міне, осы кездесу бұл жігіттің өнердегі жолын өзге арнаға бұрып, «музыкалық театр актері» мамандығына ауысып, жаңа мамандыққа есік ашылады. Бұл  жігіт  қазіргі кездегі Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының актері  Ермахан Аймахан болатын. 

  Ермахан Аймахан-энергетикаға толы актер. Оның сыртқы және ішкі актерлік техникасы ерекшілікке толы. Ойын барысында сезім мен эмоцияны басқару, сенім мен шынайылық Ермаханның актерлік шеберлігінің айқын дәлелі. Сөзімізге, Ермаханның театрдағы көрермен көзіне ерекше түсетін бейнесі-Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» этно-мюзикліндегі Шеге рөлі айғақ бола алады. Шеге-Ермахан  Төлегеннің адал досы, жолдасы әрі сенімді серігі. Ол  көрерменге рухани тыныс беретін  кейіпкер рөлін атқарады. Шеге – «Қыз Жібек» этно мюзикліндегі ең жарқын кейіпкерлердің бірі. Ермаханның Шеге  бейнесі арқылы қазақтың әзіл-қалжыңы, достыққа беріктігі мен өмірге деген оптимизмі көрініс табады.


Ермахан-Шегенің энергияға толы әрекеті, жалынды сөзі, мимикасы кейіпкер мінезіне шырай берді. Ал Ермахан орындауындағы «Шегенің ариясы» келуші көрерменді елітетіні анық.  Қазақ театрында ең алғаш Шәмші бейнесін Нұрай Танабаевтан бастап, қаншама актерлер өзінше нұсқалаған болатын. Ал Ермаханның «Ғашық Шәмші» кейіпкері жеке тұлғалық болмысы арқылы өз харизмасымен, даралығымен ерекшеленеді. Ермахан-Ғашық Шәмші бейнесі- жасампаз рухтың символы. Ол шынайы махаббатты бастан өткеріп қана қоймай, оны өнер тіліне айналдырды. Оның ғашықтық әлемі, әдемі қиял мен сағынышқа толы.


Ермахан-Ғашық Шәмші бейнесі- бұл жай ғана бір адамның портреті емес,  ол қазақтың махаббат философиясы, өнердің мәңгілік рухы, жүрек пен саздың қосылуы. Ол үшін махаббат- өмірдің мәні, шабыттың көзі. Ғашық Шәмші-Ермахан  сезімге жеңіл қарамайды. Ол үшін махаббат – қасиетті, рухани таза құбылыс. Міне, Ермахан осыны ескереді. Қазақ театрының негізін салушылардың бірі, Абай бейнесін тұңғыш кескіндеген Қалибек Қуанышбаев: «Рөлге жан бермесең, ол рөл өлген дене сияқты»-дейді. Ал Ермахан рөлге жан бітіріп, қаһарманын өзгеше құбылтады. Ермаханның ойынын көрген кезде   К.


Станиславскийдің: «Өнерде шындық бар жерде ғана әсер бар»-деген сөзі есімізге түседі.  Ермахан көрерменге әр рөлін шынайы жеткізе біледі. Бойында еш жасандылық жоқ. Қазіргі заман актеріне басты қажеттілік осы.   Ермаханның шығармашылық жетістіктері де, аз емес емес. 2024 жылы «Жаңа Қазақстанның Жыл адамы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Одан бөлек, «Бейімбет Майлин 125 жыл» арнайы төс белгісінің иегері атанды. 

  Кезінде шырайлы Шымкенттен, арайлы Алатауға арман қуып келген Ермахан аяқ асты мамандығын өзгертіп, Елордадағы жас театрдың негізін қалайтынын ойлады ме екен?


Бахтияр Тұрсын
Театртанушы