Халықаралық қаржы ұйымдары көмір стансаларының құрылысын қаржыландырудан бас тартып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығын ескерсек, бізге елдің энергия жүйесіндегі базалық көздерді қарастыру керек. Халықаралық қаржы ұйымдары көмір стансаларын салу жобаларынан бүкіл жерде бас тартып жатқандықтан көмір генерациясын әрі қарай енгізу мүмкіндігіміз шектеліп отыр. Осыған байланысты жиынтық қуаты 2,4 ГВт болатын атом электр стансасы базалық генерацияның жаңа көзі ретінде қарастырылып отыр», - деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, ол 2035 жылға қарай Қазақстанда іске қосылуы жоспарланған энергетикалық қуаттардың құрылымы туралы мәлімет ұсынды.
«2035 жылға қарай 6,5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін, 5 ГВт-тан астам газ генерациясын, 2 ГВт су генерациясын, 1,5 ГВт көмір генерациясын, 2,4 ГВт атом генерациясын салу көзделген. Бұл бізге базалық қуаттардың да, реттеуші қуаттардың да тапшылығын төмендетуге мүмкіндік беріп, елдің энергия жүйесін шектес елдердің реттеуінен тәуелсіз етеді», - деді департамент директоры.
Айтуынша, бұл жоспар 2035 жылға дейінгі электр энергиясын өндірудің болжамы бойынша, көмірдің үлесі 40 пайызға дейін азайтуға тиіс.
«Қазір оның үлесі шамамен 70 пайыздай. Ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 23 пайызға дейін, газ генерациясының үлесі 18 пайыз, су электр стансаларының үлесі 7 пайыз, АЭС үлесі 12 пайыз болады», - деді Айдос Дәрібаев.