Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов бензин мен дизелдің акциздік құны өзгеруі мүмкін екенін растады. Айтуынша, бұл жанармайдың 180 күндік шекті бағасына әсер етпейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен брифингтің басында бензиннің бүкіл маркасына және дизель отынына нақты баға белгілегенімізді айттым. Сәйкесінше, акциздер қымбаттағанның өзінде ол осы белгіленген бағаның ішінде болуы керек деп ұсынып отырмыз. Яғни, акциздің қымбаттауы жанармайдың бөлшек саудадағы ақырғы бағасын қымбаттатпауы керек. Бұл жанармай нарығындағы ойыншылардың маржасын қатай қарау есебінен жүреді. Қазір біз осы ережелер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Межелі 180 күннің ішінде нарықтың жұмысы бойынша ұсыныс беруіміз керек», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жұмыстың ішінде нарықтан тиімсіз делдардарды шығару тетіктері де бар.
«Акциздің құнын көтеруге мүмкіндік бар ма дегенге келсек, бар, әрине. Бірақ бөлшек саудадағы жанармай бағасын қайта қарағалы жатқан жоқпыз.
Бұған дейін де талай айтқанмын, біз бағаны реттеу ісінде иелігінде жанармай құю стансасы, мұнай базасы сияқты инфрақұрылымы жоқ делдалдарды нарықтан шығарамыз. Осының арқасында қалған ойыншылардың бәрінде маржа болады. Шекті баға өзгермейді. Делдалдықпен ақша тауып жүрген адамдар кетеді де, бағаны қазіргідей шектегеннің өзінде табыс артылады. Міне осы артылған ақша жанармай құю стансалары мен мұнай базасы бар өңірлік операторлардың, сол мұнай өнімдерін таратып отырған шикізат иелерінің арасында бөліске түседі», - деді министр.