Министр мұнай бағасының жоғары болуы бюджет пен Ұлттық қорға үлкен кіріс әкелетінін түсіндірді.
"Биылғы мұнай өндіру болжамы 87,5 миллион тонна болса, оның 17,9-ы отандық өңдеу. Осыған сәйкес, экспорт қандай екенін ойлай беріңіз. Мұнай бағасы жоғары болса, валюталық түсім де, салық түріндегі түсімдер де өседі. Онда жаман ештеңе жоқ. Бірақ мұнай бағасы өте жоғары болса, бұл жақсы емес. Өйткені барлық ілеспе шығын материалдары – құбыр өнімдері, химиялық реагенттер, өндіріс процесіне қатысты барлық заттар да қымбаттайды. Өкінішке қарай, мұнай бағасы төмендеген кезде, бұл шығын материалдары бірдей арзандай бермейді. Бұдан мұнай өндіруші кәсіпорындар зардап шегеді, өйткені олардың экономикасы айтарлықтай құлдырайды", - деп түсіндірді Ақшолақов.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін қолайлы мұнай бағасы - 80 доллар. Жанар-жағармай бағасына келетін болсақ, оның айтуынша, қазір белгіленген шекті бағаны бұрынғы деңгейде ұстау жоспарланған.
"Қазір нарықты реформалаумен айналысып жатырмыз, яғни өнімсіз делдалдарды жою. Ешқандай инвестициясы жоқ, инфрақұрылымы жоқ, зауыттары, жанармай құю бекеттері жоқ делдалдар. Мүмкін, оларды бұл тізбектен шығаруға тура келеді, бұл бағаны оңтайландыруға мүмкіндік болады", - деді ол.
6 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке ұласқан митингілерден кейін Үкімет әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдады. Газға, бензинге және дизель отынына 180 күнге шекті баға белгіленді.