03 ақп, 2022 сағат 15:56

Энергетика министрі газ бағасы туралы: "Зауыттар шығынға батып жатыр"


Энергетика министрі Болат Ақшолақов межелі 180 күн өткен соң сұйытылған газ бағасы қалай реттелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Межелі 180 күннен кейін газ бағасы қалай болады? Жоспарларыңыз қандай" - деп сұрады журналистер.

Журналистің сауалына жауап берген министр 180 күн ішінде сауда ережелері мен сұйытылған газдың баға жүйесін реформалау әзірленетінін атап өтті.

"Ел басшылығының тапсырмасы бойынша қаңтардың басында, шынымен де, сұйытылған газдың бағасын 180 күнге мемлекет бақылауына алу туралы шешім қабылданған болатын. Қазір оның бағасы 50 теңгеден 75 теңге аралығында тұр. Яғни, ең шалғай елді мекендерде бағаның шегі 75 теңге болса, мұнай өңдеу зауыты бар Маңғыстау облысында 50 теңге. Бірақ, белгіленген 180 күннің ішінде жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да бағасын қалыптастыру жүйесі мен сату ережелерін реформалап шығуымыз керек. Біздің ойымызша, зерттеулер көрсеткендей, жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да нарық тізбегінде "өнімсіз делдалдар" бар", - деп түсіндірді Ақшолақов ОКҚ онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша, сұйытылған газдың нарық тізбегінде меншігінде не газ құю стансасы, не газ жинақтау стансасы жоқ ойыншылар бар. Соған қарамастан газ тарату жүйесінде отыр.

"Біз осындай ойыншыларды тізбектен алып тастайтын шығармыз. Яғни, тек нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар ойыншылар ғана қалады. Бұл бізге тіпті осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушылардың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, газды сатушылар мен өндірушілердің арасындағы табыс теңгерімі қайта қаралады. Негізі газ өндірушілердің табысы көбірек болуы керек. Өйткені біздің зауыттардағы сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл бір литр газды өндіруге ғана шамамен 50 теңге кетеді деген сөз. Әзірге бұл зауыттар белгіленген 180 күнде шығынмен жұмыс істейді", - деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, газ өндірумен айналысып, жанармай құю бекеттері арқылы сататындар қалуы мүмкін. Ведомство басшысы бұл газ сатушылар мен өндірушілер арасында табысты қайта бөлуге мүмкіндік беретінін және әзірге бұл зауыттар 180 күн бойы шығынға батып жұмыс істейтінін атап өтті.