Қазақстанда бензин бағасының арзандауы нарықтық жағдайға байланысты болып тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынын кейін тілшілерге Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Қазақстанда жоғары октанды бензин бойынша, яғни АИ-92 және АИ-95 бензиніне қатысты профицит жалғасып келеді. Осы орайда бұл жағдай нарыққа әсер етуде, бензин бойынша ұсыныс көп. Ал тұтыну көлемі қарқынды өсіп жатқан жоқ», - деп тоқталды министр.
Оның сөзіне қарағанда, осы жағдай мұнайшылар үшін тиімсіз болып тұр.
«Себебі олар үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізудің тиімділігі төмендеуде. Экспортпен салыстырғанда айырмашылық айтарлықтай жоғары. Ал тұтынушылар үшін бұл жағдай тиімді екенін белгілі. Алайда нарық бұған тиісті бағытта әсер етеді», - деді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар ол көршілес Ресей мен Қазақстанның нарығындағы ахуал әртүрлі екенін жеткізді. Әзірге Қазақстанда бензин арзандаса, Ресейде баға өсіп келеді.
«Бүгінде ішкі нарықта мұнай өнімдеріне баға нарықтық негізде қалыптасады, яғни Argus котировкасы негізінде. Бұл өз кезегінде нақты нарықтық баға белгілеу болып саналады», - деді министр.
Бозымбаев электр энергиясын үйінде және жұмысында қалай үнемдейтіні туралы айтып берді.
«Әрине, электр жарығы мен жылуды үнемдеймін. Жылу беру жүйесінде арнайы құрылғы орнатылған. Егер де жылу батареясы белгілі бір температураға жетсе, бұл құрылғы жылу мен суды тоқтатады. Бұл өз кезегінде коммуналдық шығындар бойынша үнемдеуге жол ашады. Ал электр энергиясына тоқталсақ, ұйқыға жатар алдында балалар үйдегі электр жарығын міндетті түрде өшіруге үйретілген. Осы орайда энергия тиімділігі мәдениетіне екпін қойып отырмыз», - деді Бозымбаев.
Сонымен қатар ол «ҚазМұнайГаз» ғимаратында энергия қалай үнемделіп жатқандығын айтып берді.
«Энергетика министрлігінде де үнемдеу жүріп жатыр. Бізде шығыстар бойынша ең аз көрсеткіштердің бірі тіркелген. Бүгінде ведомство «ҚазМұнайГаз» ғимаратында орналасқан. Сағат 18:30-дан кейін біздің қызметкерлердің компьютерлері автоматты түрде өшіріледі. Бұл ретте адамдарды жұмыста негізсіз ұстамаймыз. Себебі басшылар белгіленген жұмыс уақытында мақсаттар орындалуы үшін процесті тиімді түрде ұйымдастыруы керек. Егер де үлгермесе, бұған басшы кінәлі, өйткені жұмыс процесін дұрыс ұйымдастырмаған», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Қ. Бозымбаев шағын көлемді жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша заң жобасы әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бұл шаралар халыққа «жасыл» энергетика құрылғыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.