14 ақп, 2022 сағат 14:02

Энергетика министрі: АЭС салу - неғұрлым перспективті шешім


Қазақстанда атом энергетикасын дамыту әлеуеті жеткілікті. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орындамыз. Бізде ядролық отын компоненттері өндіріледі, сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту бойынша қызметтер қолжетімді.

Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Ядролық отын белсенді шығарыла бастады», - деген ведомство басшысы бұл салада Қазақстанның кадрлық саясаты қалыптасқанын атады. 

«Атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3 200 кадр даярланды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бастап осы реакторларды біздің мамандар табысты пайдаланып келеді. Ал ғылыми жұмыстардың нәтижелерін әлемдік қоғамдастық, соның ішінде АЭС жобалау кезінде қолданады.

Сонымен қатар, Қазақстан 1973 жылдан 1999 жылға дейінгі кезеңде БН-350 толыққанды өнеркәсіптік ядролық реакторын пайдаланғанын және оны пайдалану кезеңінде авариясыз жұмыс қамтамасыз етілгенін еске салғым келеді. Бұл – Қазақстанның құзыреті мен әлеуетінің дәлел» - деді министр.

Сондай-ақ, ол өткен аптада Ресей мен Қазақстан президенттерінің қатысуымен ресейлік жоғары оқу орындарында осы саланың кадрларын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. 

«Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, өндірістік қуаттардың тозуын, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу неғұрлым перспективті шешім болып көрінеді», - деді Болат Ақшолақов.