Елімізде енді бағдаршамның сары белгісі жанып тұрған кезде жолда жүруге тыйым салынады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Енді Сергек камералары бағдаршамның сары белгісінде жүрген көліктерді анықтап, жүргізушілерге айыппұл салады. Өйткені жол апаттарының көбі сары белгі жанғанда болады.
Әзірге тыйым елдің екі ірі қаласы – Астана мен Алматыда болады.
"Бағдаршамның сары белгісі қозғалысқа тыйым салады, ал жыпылықтаған жасыл белгі енді тыйым салу белгісінің іске қосылатынын ескертеді. Мұндай заң бұзушылықтар камераға жазылып, көлік иесіне автоматты түрде айыппұл салынады", – деді Астана полиция департаменті.
Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте әзірге мұндай тәртіп жоқ. Бірақ полицейлер сәуір-мамыр айларында шымкенттік жүргізушілерге де осы үшін айыппұл салынатынын айтты.
Енді бағдаршамның сары түсінен өткендерге 36 920 теңге айыппұл салынады, ал 1 жыл ішінде осы заңбұзушылықты қайталаса, айыппұл сомасы үш есе өсіп, 110 760 мың теңге төлейді.
Бұл жаңашылдыққа тұрғындардың көзқарасы әртүрлі. Бірі мұны орынсыз деп есептесе, енді бірі дұрыс деп бағалады.
"Бұл қажет емес. Қалада қазірдің өзінде кептелістер бар. Кейде көше қиылысында кептелісте қалсаңыз, бағдаршамның сары белгісінде бұрылуға тура келеді", – дейді астаналық Рустам.
"Мен бұл заңмен келісемін, өйткені соның кесірінен көптеген адамдар жол апатына ұшырайды. Тұрғындар асығыс, ешкімге жол бергісі келмейді. Қазір жолда жүру мәдениеті төмендеді", – дейді Астананың тұрғыны.
Автокөлік заңгері Руслан Жанпейісов сары белгіден өтуге тыйым бұрыннан барын айтады.
"Жасыл белгі қозғалысты білдіреді, ал сары белгіде жүргізуші қозғалысты аяқтап, тоқтайды, бұл ереже көптен бері күшінде. Ал бұл үшін айыппұлдың енгізілуі жолда жүру мәдениетіне оң әсер етеді деп ойлаймын", – деді ол.