25 жел, 2019 сағат 06:55

Еңбек вице-министрі атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа қағидаларын түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қарағанды, Теміртау қалаларының халықты жұмыспен қамту орталықтарына (ХЖҚО) барып, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа қағидаларын түсіндірді.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.

Вице-министр өңірдегі бағдарламасын Теміртау және Қарағанды жұмыспен қамту орталықтарын аралаудан бастады. Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Мұқышев азаматтармен АӘК тағайындауды жаңа форматта 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алдын-ала пысықтау керектігін айтты.

«Сіздер атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінетін адамдарға АӘК жаңа тетігі жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсететінін нақты түсіндірулеріңіз керек. Бұл көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, әр отбасы мүшесінің жан басына шаққандағы орташа кірісі өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама», - деді вице-министр.

Нариман Мұқышев АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті.

«Сіздер қазір АӘК алушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға ағымдағы жылы тағайындалған АӘК жарты жылға немесе бір жылға тағайындалған болса да, 31 желтоқсанға дейін әрекет ететіні туралы түсіндіруіңіз өте маңызды. Сенат қабылдаған заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап АӘК жаңа ережелер бойынша тағайындалады. Тиісінше, осы жылдың барлық төлемдерін айдың аяғына дейін іске асыру қажет. Яғни, АӘК-ті келесі жылдың қаңтарында емес, осы жылдың желтоқсан айында төлеу керек», - деді ол.

Вице-министр, сонымен қатар, АӘК алуға өтініш білдірген азаматтар оны тағайындау үшін құжаттарды 2020 жылы тапсыруы керек екенін атап өтті.

«Тағы да баршаның 5 қаңтарда келудің қажеті жоқ екенін, кезек пен ажиотаж құру қажет емес екенін түсіндіру керек. Барлығында құжаттар тапсыруға уақыт болады. Желтоқсанда адамдарға қарашаға және желтоқсанға АӘК төленеді, яғни, екі еселенген сома. Адамдарға ақша беріледі. Қаңтар айы ішінде, ақпан айында әлеуметтік көмек алу үшін кез келген адам құжаттарын тапсыра алады», – деп атап өтті Мұқышев.

Қарағанды облысына екі күндік жұмыс сапары аясында Нариман Мұқышев, сондай-ақ, Жезқазған, Абай және Сәтпаев қалаларының халықты жұмыспен орталығын аралап, халықпен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерімен кездесулер өткізеді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева 25 желтоқсанда елорданың халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып, Нұр-Сұлтан тұрғындарымен кездесеіп өңірлердегі халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстарын жалғастырады.

26 және 27 желтоқсанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаев және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласында және Түркістан облысында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

27 желтоқсанда вице-министр Ерлан Әукенов Шығыс Қазақстан облысында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 27 және 28 желтоқсанда вице-министр Ақмәди Сарбасов жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің қызметкерлеріне және Ақмола облысының тұрғындарына АӘК тағайындаудың жаңа тетіктері туралы айтып береді.

Бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірлерге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарының, сонымен қатар Шымкент қаласының тұрғындарымен АӘК тағайындаудың жаңа тетіктері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және мемлекеттік-жеке серіктестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.

Осылайша, Заңда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді көздейді. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға - 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға - 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері мыналарды көздейді: әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; АӘК тағайындаудың қазіргі шекті критериін сақтау - отбасының жан басына шаққандағы орташа табыс күнкөріс деңгейінің 70% -ынан кем болуы керек; отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процесстегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттарымен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.