ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызметтердің 80%-ын электронды форматқа ауыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бірінші вице-президенті Ербол Оспанов айтып берді. Оның айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін министрліктің электронды әлеуметік қызметін 90% жеткізу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік-еңбек саласында 40 мемлекеттік қызмет бар. Соның 32-сі электронды түрде көрсетіледі. Оның 14-і проактивті, 10 қызмет - біріктірілген композитті түрде беріледі. Мәселен, қазір Алтын алқа, Күміс алқа иелеріне тағайындалатын жәрдемақы немесе мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы ұсынысы СМС арқылы проактивті түрде көрсетіліп жатыр», - деді Е. Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
СМС арқылы қызмет алу қаншалықты оңай екенін жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлемуеттік төлем арқылы көруге болады.
«Әлеуметтік төлем алу туралы ұсыныс қызмет алушының смартфонына СМС-хабарламамен келеді. Оған 3 күн ішінде жауап беруі керек. 1414 нөмірінен келген СМС хабарламаға талаптарға сай жауап беруі керек. Бұл процесс небары 10 минутты уақытты алады. Және қызмет алушының құжат жинау, түрлі органдарға бару және қызмет алуды 30 күнге дейін күту уақытын қысқартады. Мұнда тек бір шарт талап етіледі - мемлекеттік қызмет алушының Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе e-gov электронды қызмет порталына өзінің телефон нөмірін тіркеуі қажет», - деді спикер.
Сонымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды жұмыспен қамту орталықтарында жұмыс сапасы туралы кері байланыс механизмін енгізді. Онда мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының қызмет алушыларының өтініштерін қабылдау қарастырылған.
«Бұл механизм «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында және Digital agent мобильді қосымшасы негізінде жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамту орталықтарының қызмет саласын сыпайы қатынас, қызметкерлердің кәсіби деңгейі, әкімшілік кедергілер, күту уақыты немесе мүгедектерге жағдай жасау критерийлері бойынша онлайн режимде бағаланады. Олардың сұраныстарына мүмкіндігінше тезірек жауап алуға мүмкіндік береді», - деді Ербол Оспанов.