ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарттардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті.
Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді. Онда әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоспарда 9 бағыт бойынша 36 іс-шара қарастырылған. Олардың барлығы аға буынның өмір сүру сапасын, өмір ұзақтығын арттыруға, әлеуметтік және психологиялық жағдайын жетілдіруге бағытталған.
Құжат қарттардың құқықтарын сақтау материалдық жағдайын жетілдіру және олардың жұмыспен қамтылуын деңгейін артыру, қарт адамдары бар отбасыларды қолдау сияқты мәселелерді қамтиды.
Мысалы, қарттардың бос уақытын ұйымдастыруға жағдай жасау бағытында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді өмір сүру орталықтарын ашу, қарт адамдар үшін мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, қарттар күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізу және т. б. жоспарлануда.
Ұлттық жоспарды әзірлеу кезінде Мадридтің қартаю мәселелері жөніндегі халықаралық іс-қимыл жоспарының ұсыныстары ескерілді. Онда қарт адамдардың тек әлеуметтік қамтамасыз етілуіне ғана емес, сонымен қатар зияткерлік және өндірістік тәжірибе иесі, қоғам дамуының белсенді қатысушылары ретінде сұранысқа ие болуына бағытталған шаралар қарастырылған.
Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ анықтаған 7 пайыздық шекті еңсеріп, халқы қартайған елдерге жатқызылды. Еліміздің 8 аймағына қартаю процесі тән.
Мәселен, елдің солтүстік-шығысында және Орталық Қазақстанның бір бөлігінде жағдай Еуропа елдерімен ұқсас, яғни халықтың аз табиғи өсімі және көші-қонның теріс сальдосы себебінен жас адамдармен салыстырғанда егде адамдар санының тез өсуіне байланысты халықтың қартаюы орын алады.
Республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде, сондай-ақ Нұр-Cұлтан қаласында бала туудың өсуі есебінен 15 жасқа дейінгі халық үлесінің ұлғаюы байқалады, нәтижесінде халықтың қартаю көрсеткіші төмендейді.
Іс-шаралар жоспарымен enbek.gov.kz сайтында танысуға болады.