27 қыр, 2022 сағат 19:12

Еңбек министрі елімізде 4 күндік жұмыс аптасына көшу шарттарын атады


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қызметкерлерге 4 күндік жұмыс аптасына көшу кезінде қандай талап қойылатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 4 күндік жұмыс аптасына көшу тәжірибесін қолдануға болады.

Бүгінгі таңда бұл тәжірибе бізде бар. Пандемия кезінде жұмыс берушілер қызметкерлерін жұмыс ерекшелігіне байланысты 4 күн, 5 күн, 6 күн жұмыс істетіп көрді. Ең бастысы, жалақы есептелетін сағаттың нормативін жоғалтпауымыз керек. Сондықтан біз арнайы икемді жұмыс режимін көрсеттік, бұған тыйым салынбайды. Еңбекақы нормативін қамтамасыз етуге болады және ету де керек, яғни ең төменгі жалақыдан төмен болмауы қажет, — деді Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге толықтыру енгізуді көздеп отыр. 2023 жылдан бастап 4 күндік жұмыс аптасына көшуге болады.

Заңнаманы әзірлеушілердің пікірінше, бұндай режимдегі жұмысқа бір аптада 4 күндік, екінші аптада 5 күндік жұмыс жүктемесімен көшуге болады. Бұл тәжірибе кеңсе қызметкерлеріне қолданылып жатыр және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.