ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов инфляцияға байланысты Қазақстанда жалақыны көтеру мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілісте тілшілер Еңбек министрінен «доллар бағамының өсуі салдарынан елдегі тауарлар қымбаттайтынын, осы орайда қазақстандықтардың жалақысы өсе ме?» деп сұрады.
Өз кезегінде ведомство басшысы халықтың табысын арттыруға қатысты Президент тапсырма бергенін еске салды.
«Біздің министрлік осы бағытта жергілікті атқарушы органдармен, кәсіпорындармен тиісті жұмысты бастап кетті. Тиісті талдау жұмыстары арқылы төмен жалақы деңгейі барлар анықталады. Бұл тұрғыда жұмыс берушілер қарамағында жұмыс істеп жүрген адамдардың жалақысын көтеруі үшін тиісті қадамдарды жүргізіп жатырмыз. Жұмыс берушілер өздерінде істейтін қызметкерлердің жағдайын түсініп, қолдау жасауы керек», - деді Шәпкенов.
Сонымен қатар министр доллар бағамының өсуінің салдарына және жалақыны көтеруге қатысты қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.
«Біз Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе экономиканың ары қарай ілгерілуі тұрғысында іске асырылатын қадамдарды пысықтап жатырмыз. Осы орайда тиісті шешімдер қабылданады деп ойлаймын», - деді Шәпкенов.