Республиканың барлық өңірлерінен келген мемлекеттік еңбек инспекторлары «Қазақстандағы адам саудасы: еңбекпен пайдалануға байланысты істерді анықтаудың, тергеудің және соттарда қараудың қиындықтары» тақырыбы бойынша оқытудан өтуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Арнайы курстарды ҚР Жоғарғы сотымен, ҚР Ішкі істер министрлігімен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, ҚР ІІМ Қарағанды академиясымен бірлесіп, АҚШ-тың Нұр-Сұлтан қаласындағы Елшілігінің қатысуымен және қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды.
«Мұндай оқыту Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Қаззіргі кезде еліміздің 6 өңірінің мемлекеттік еңбек инспекторлары арнайы дайындықтан өтті. Биылғы желтоқсан айының ортасында оқуды барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік инспекторлары аяқтайды деп жоспарлануда», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында адам құқықтарын қорғау бойынша жаңа шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Күн тәртібінде мемлекеттік органдардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететін адам саудасына қарсы күрес тұр. Президенттің айтуынша, құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жақсартуы керек. Кінәлілер сот тәртібімен қатаң жазалануға тиіс.
Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс 2003 жылдан бастап ҚР Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстарға қарсы күрес, оларды болдырмау және алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жүргізілуде.
Адам саудасының құрбандары үшін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты 2016 жылы әзірленді және адам саудасының құрбандарын анықтаудың үлкен үлесі бар өңірлерде: Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «пилоттық» режимде енгізілді. Одан кейінгі жылдары Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және басқа да өңірлерде адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.
Еңбек министрлігі мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп, ҚР Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді.