11 қыр, 2023 сағат 19:52

Ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек – Ринат Зайытов

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елдегі ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деп санайды. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың пікірінше, қазір елдегі ең төменгі жалақы мөлшері өте төмен.

"Министрліктер есептесін. Меніңше ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек", - деді Зайытов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Айтуынша, ең төменгі жалақыны бюджетке салмақ түсірмей көтеруге болады.

"Сіз ұлттық компаниялардың басшылары, орынбасарлары жылына қанша сыйақы алатынын білесіз бе? Жүздеген миллиондап алады. Неге соны ретке келтірмейді? Мен ненің есебінен көтеруге болатынын шешу үшін түрлі жол тауып беремін. Мен ғана емес, бүкіл депутаттар тауып береді", - дейді мәжілісмен.

Ол бұл мемлекеттің шығынын қысқарту емес, тек сандарды ойнату екенін атап өтті.

"Қызметкерлердің санаты деген болады, солардың рұқсат етілген межелері. Соны ретке келтірсе, бұл өз-өзінен шешілетін сұрақ. Ақыры қымбатшылықпен күресе алмасақ, халықтың табысын көтеріп беруіміз керек", - деді Зайытов.

Қазір республикадағы ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Президент келесі жылдың қаңтарынан оның мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.