06 там, 2018 сағат 08:20

Емле сынамасы Сыр өңірінде жалғасты

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қызылордада латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелер  жобасын  сынамадан  өткізді.

Қызылорда облыстық және қалалық әкімдік ғимаратында   Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры  Ербол Тілешов, директордың орынбасары  Лиза Есбосынова, әдістеме бөлімінің ғылыми қызметкері Марияш Дәрменова, орфография бөлімінің ғылыми қызметкері Алмажан Кадирхан сынақ сауалнама жүргізді.

Сондай-ақ сынақ сауалнама алушылар мен бірге  Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыс тобының жетекшісі,  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС-нің атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Боранбай сынамаға қатысушылар алдында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшудің маңыздылығын ғылыми негіздерге сүйене отырып түсіндірді.  

 «Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірне­ше себептері бар. Біріншіден, Елбасы айтқандай, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұқсан келтірілді. Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады. Жалпы әлем­дегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен бе­реді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз 42 таңба арқылы берілген. Осыдан-ақ қолда­ныстағы осы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі көрініп тұр. Сонымен бірге, бұл әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде кездеспейтін артық таңбалар бар. Латын графика­сындағы жаңа әліпби бізді осындай қажетсіздік пен ыңғайсыздықтан арылтады. Екіншіден, дүниежүзіндегі түркі халықта­рының 60 пайыздан астамы осы латын әліпбиінде. Қазір түркі тілдес халықтардың 7 дербес мемлекеті бар: Әзірбайжан, Кипр Түркия республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан. Осылардың Қазақстан мен Қырғыз­станнан басқасы латын әліпбиінде. Яғни, Қазақстан ортақ түр­кілік әліпбилік жүйеден тыс тұр. Түркі халықтарының көне заманнан қалыптасқан мәдени-тарихи тамырластығын және осындай рухани қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ойласақ, онда Қазақ елінің өзге әліпбиде қала беруі осындай сабақтастық пен тамырластыққа қайшы келеді. Үшін­шіден, халықаралық қауымдастықта Елбасы айтқандай, латын таңбалы әліпбидің маңызы зор.»- деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Тілешов.    

Шынымен латын әліпбиіне өтудің алғашқы сатысында кездесетін кейбір ерекшеліктерді ортаға салды.  «Қазақ әліпбиі латын графикасына көшкенде туындайтын кейбір қиындықтар бар. Олар – тұрақты емес, уақытша қиын­дықтар. Біріншіден, халықтың жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйрену үшін белгілі бір уақыт қажет. Ол үшін ақпарат құралдарында насихат және машықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бұқара халық жаңа әліпбиге тезірек бейімделуі қажет. Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттер жаңа әліпби­ге көшірілуі де белгілі бір уақыттық межені тілейді. Ол үшін әр саладан ең маңызды делінген әдебиеттердің тізімі жасалы­нып, мемлекеттік тапсырыс бойынша сол әдебиеттердің шыға­рылуы қолға алынғаны абзал. Бұл арада бұрынғы кирилл әліп­биі мен жаңа қабылданған латын әліпбиінің бірнеше жыл қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде осы мақаласында Елбасы: «Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», – деді. Үшін­шіден, кейбір адамдар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көш­сек, мемлекеттік тілді үйрену қиындайды дегенді айтады, бірақ тіл үйренудің тікелей әліпбиге байланысты емес екендігін бүгін­де ағылшын, қытай және басқа тілдерді үйреніп жатқан балала­рымыз бен жастарымыздың тәжірибесі айқын аңғартып отыр» – деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.

Сынамаға  Қызылорда облысының  барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500  адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

«Жазуымыздың негізі болып табылатын латын графикасы негізделген емле ережелер жобасы сынамасы маңызды.  Ол ел болашағы – бүгінгі жастардың дұрыс қалыптасуына, бəсекеге қабілетті маман болуына, сауатты ұрпақ ретінде өсуіне, сайып келгенде, əлемдік аренада сапалы қазақстандық тұлға ретінде өз орнын табуына үлкен сеп болатынына көзіміз жетті. Біз тарихи кезеңде өмір сүріп, еңбек етіп отырмыз. Біздің бүгінгі маңызды мемлекеттік қадамдарымыз ертеңгі күн қамы. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі əрбір саяси шешімнің ұлттық мəні зор, соның ішінде латын графикасы негізіндегі əліпбиіміздің орны бірегей. Сол үшін де бүгінгі сынама нәтежелері ертеңгі елеулі өзгерістерге, Һәм емле ережесінің алғашқы баспалдағы болары сөзсіз»-деді Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары  Лиза Есбосынова.  

Сондықтан латыннегізіді әліпбидің емлесінің соңғы нұсқасын жетілдіруде жастармен, тіл мамандарымен санасып, олардың ойын ескерудің негізі осы-сынама қортынтысына байланысты. Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытты, олар  өзара пікір алмасып, қызу талқылады.