Фото: Zakon.kz
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің үстінен қозғалған аппеляциялық сот тағы кейінге қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша апелляциялық сот өтті.
ZOOM платформасы арқылы өткен сот отырысы ұзаққа созылмады.
«Елжан Амантайұлы әлі ауырып жатыр. Емделу мерзімін келесі дүйсенбіге дейін ұзартты. Сондықтан апелляциялық сот отырысын кейінге қалдыруды сұраймыз», - деді Біртановтың адвокаты Серік Сағалиев.
Өз кезегінде істі қарауды кейінге шегеруді сотталушы Олжас Әбішев пен бұрынғы министрдің қорғаушысы Есжан Біртанов та қолдады.
«Келесі сот отырысы 10 қаңтар сағат 10:00-ге белгіленді. Сот отырысы офлайн форматта және ашық өтеді», - деді судья Айбек Әмірғалиев.
Еске сала кетейік, Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Былтыр қаңтарда Біртановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа түсті.
2022 жылы 28 қазанда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты үкім шығарды. Сол кезде бұрынғы министр сот шешімімен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеген еді.
Елжан Біртановтың апелляциялық соты мұның алдында да бір мәрте ауыстырылған.