Бүгін Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкім «Zoom» платформасында онлайн режимде оқылды.
«ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын», - деді судья Ибрагим Әлкенов.
Біртанов санавиация бортын заңсыз пайдаланды деген айып бойынша ақталды.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор экс-министрді Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, ауыр салдарға алып келген әрекет) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Сондай-ақ, Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлеспен өндіруді, ал Біртановтан санитарлық авиацияны пайдаланғаны үшін жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіріп алуды ұсынды. Оған қоса, прокурор мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салу қажет деп санайды.
Әбішев жыл сайын 100 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Екеуінің үйқамақта отырған мерзімі де есептеледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық арызы жартылай қанағаттандарылды. Біртанов пен Әбішев 1 миллиард 350 миллион 123 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеп беруге міндеттелді. Біртановты "Құрмет" орденінен айыруға ұсыныс жасалады.
Еске салайық, Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр.
Экс-министр мен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдары іс бойынша бапты қайта саралаған.
11 қазанда Біртанов пен Әбішевке қатысты іс бойынша тергеу аяқталған болатын.