Елордада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірлердегі өлім-жітім мәселесін көтерді.
«Ақша ешқашан жетпейді. Біз жалпы өлім-жітім жөнінде қаржыландыру, экология және тәртіп жағдайларының тоғысуы ретінде айтып отырмыз. Қаражат көп адамдарға жетпей отыр.
Министрлікпен, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істеп, қаражат көлемін мұқтаж жаққа аудару қажет. Екіншіден, мамандар өз жұмысына дұрыс екпін қоюы тиіс... Мемлекеттік бағдарламада аурудың алдын алу шараларын дамытуға және басымдық берілген», - деді министр ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа отырысында.
Сонымен бірге, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары жалпы өлім-жітім көрсеткіштері бойынша есеп берді. Маңғыстау денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, облыста балалар өлімінің көрсеткіші алаңдатып отыр.
«Алғашқы жартыжылдық қорытындысына сәйкес, бұл көрсеткіш 9.0 құрайды. 2018 жылмен салыстырғанда төмендеу бар. Алайда, бұл деңгей республикалық көрсеткіштен де жоғары болып отыр. Негізгі себеп - жатырдағы кезеңнен туабітті даму кемістігіне дейінгі өлім-жітім болып отыр. Бізде мемлекеттік-жекеше әріптестік жобасы әзірленіп жатыр. Оның аясында 16 УДЗ аппараты сатып алынады. Қазір қол қою жұмыстары жүруде. Ана өлімі бойынша да (10,2) өткен жылғы көрсеткіштен төмендеп келеді. Қауіп-қатер де бар. Онкопатология мәселесі шешіліп жатыр», - деді Л. Есенғалиева.