22 сәу, 2020 сағат 17:37

Елжан Біртанов Камалжан Надыровпен жақын байланыста болған жоқ – Бас санитар дәрігер

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған өзінің бұрынғы орынбасары Камалжан Надыровпен жақын байланыста болған жоқ. Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы және жалпы министрліктегі қызметкерлердің 90 пайызы төтенше жағдай жарияланғалы бері қашықтан атқарылатын жұмыс тәртібіне көшкен. Камалжан Надыровпен байланыста болған қызметкерлердің саны аз. Министр Елжан Біртанов Камалжан Надыровпен жақын байланыста болған жоқ. Әйтсе де, министр де бүгін тест тапсырды. Нәтижесін оның өзі жариялайды деген ойдамын», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері ТЖ талаптарына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ғимаратындағы қызметкерлер коронавирус инфекциясы бойынша қайта-қайта тестіден өтіп жүр. Тестілеу 2 аптада бір рет жүргізіледі. Алайда ешбірінен коронавирус табылған жоқ», - деді ол.

Айта кетсек бұған дейін Айжан Есмағамбетова осы уақытқа дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған 40 мыңға жуық азаматтың анықталғанын мәлім еткен еді. Оның айтуынша мамырдың соңына дейін елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 4 мыңға жетуі мүмкін.