Фото: Ашық дереккөзден
Астана сотында теракт жасауға дайындалғаны үшін сотталған Астана тұрғынына қатысты қылмыстық істің егжей-тегжейі жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы елорда сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты 28 қазанда Ш.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды.
Ш-ға заңды күшіне енген сот актілерімен Қазақстан Республикасының аумағында қызметіне тыйым салынған уағызшылардың діни дәрістерін зерделеп, тыңдағаны үшін айып тағылған.
"Ш. ішкі істер органдары қызметкерінің қабылдаған антын бұза отырып, билікті күштеп басып алуға және елдің Конституциялық құрылысын өзгертуге бағытталған қылмыстық ниетте болған. Ол наразы адамдар тобын жинау үшін пікірлестерді іздей бастады. Ш. өзінің радикал террористік идеяларын насихаттап, куәлерді 2022 жылғы 17 мамырда Астанада заңсыз митингіге қатысуға үндеген. Содан кейін шет мемлекеттің елшілігі ғимаратында және мемлекеттік орган ғимаратында террористік акт жасауға, жаппай тәртіпсіздіктерді туғызуға, елдегі билікті күшпен басып алып, шариғат тәртібін орнатуға шақырды", - делінген сот хабарламасында.
Ресми мәлімет бойынша, сот Ш.-ны билікті күшпен басып алуды, Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күштеп ұстап тұруды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді және Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді насихаттағаны, терроризмді насихаттағаны, террористік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды арбап тартқаны және даярлағаны, сондай-ақ терроризм актісіне дайындалғаны үшін кінәлі деп таныған.
Прокурор Ш.-ны 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
"Ш. өзінің кінәсін мойындамады, бірақ радикалдық идеяларды ұстанатынын жоққа шығармады және оны ақтауды сұрады. Сотта кінә мен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Ал оның өзі қабылдаған антты бұзуын сот қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп таныды", - делінген хабарламада.
Сот қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды қосу арқылы Ш.-ны 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сотталған және оның адвокаты сот үкіміне шағымданды.
Апелляциялық саты 2022 жылғы 13 желтоқсанда Ш.-ға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Сот үкімі заңды күшіне енді.