26 мам, 2021 сағат 15:40

Елордалық полицейлер ұрланған мүліктер саудаланған орындарды анықтады


Тәртіп сақшылары алдын алу іс-шарасы өткізілген үш күн ішінде ұрланған мүлікті өткізетін 180-ге жуық орын, оның ішінде 133 ломбардты анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның мобильді топтары патрульдеу кезінде барак типтес үйлердегі 500-ге жуық жалға алынған пәтерді тексерді. Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде 22 қылмыс, оның ішінде 5 ұрлық ашылды. 

Осылайша, қызметкерлер ұқсас схема бойынша ұрлық жасаған екі пәтер ұрысын ұстады. Күдіктілер тұрғын үйлердің құлыпталмаған есіктерін іздеп тауып, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыратын болған. Қарақшылар аса сақтықпен әрекет етіп, есікті шамадан тыс шу шығармай тексерген. Осылайша, 24 жастағы күдікті түс әлетінде жатақхана бөлмесінде ұялы телефон ұрлаған. Бұл уақытта телефон иесі бөлмеде ұйықтап жатқан. Тағы бір жағдайда 29 жастағы күдікті Байқоңыр көшесіндегі жеке үйден жалпы құны жарты миллион теңгеден асатын «Самсунг» және «Хуавей» маркалы екі телефонды ұрлаған. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрылар ұсталып, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер алынып, иелеріне қайтарылды. 

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бөлмелердің, пәтерлердің есігін құлыптап жүруге және қырағы болуға кеңес береді.