Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада коронавирус жұқтырғандардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы уақытта елорда бойынша 25 адамда коронавирус анықталды. 18 адам инфекциялық стационарда жатыр. Дене температуралары қалыпты шамада. Шағымдары жоқ. Барлық науқас дәрігерлердің қатаң қадағалауында. Бүкіл медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді ол тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы 17 наурызда жаңа 15 жағдай тіркелгенін айтты.
«Жалпы жұқтырғандардың 74 пайызы немесе 14-інің жасы – 30-49 жас аралығында. Екі жағдайда жас аралығы 50-59. Бір жағдайда 18-20 жас аралығы. Тағы бірінің жасы 14-те. Осылардың бесеуі қалалық стационарында болған. Төртеуі Италия және Оңтүстік Корея елдерінің рейстерімен келген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсы. Бір пациент инфекциялық блокта өткір ЖРВИ-дің ауырлығы орташа деңгейде жатқан. Диагностика барысында одан да коронавирус анықталды. Қазір жағдайы қанағаттанарлық», - деді ол.
Сәуле Қисықова қалған 11 адам мониторинг барысында анықталғанын жеткізді. Кейбірі эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз елдерден келсе, кейбірі бұрын жұқтырғандармен байланыста болған. Олардың да жағдайы жақсы.