Фото: Polisia.kz
Жас жұбайлар Астанадағы ойын-сауық орындарында есірткі таратқан, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Елордалық полицейлер “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ойын-сауық орындарына есірткі жеткізумен айналысқан жас жұбайларды анықтады. Астана тұрғынына тиесілі Mercedes-Benz автокөлігін тінту барысында салмағы 200 грамнан асатын мефедрон есірткісі салынған қағаз қапшық, орауыш ыдыстар мен есірткі заттарын қаптауға арналған құрылғылар тәркіленген.
Одан әрі ерлі-зайыптылардың Бектұрова көшесіндегі тұрғылықты жерін тінту кезінде ас үй шкафынан салмағы 350 грамнан астам мефедрон есірткісі бар сөмке табылған.
"Тәркіленген синтетикалық мефедрон есірткісінің жалпы салмағы 558 грамм немесе шамамен екі мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Есірткі сатушылардың бірі Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.
Елордалық полицейлер жыл басынан 750 есірткі қылмысын анықтап, салмағы 262 келі болатын есірткі тәркілеген, оның ішінде 43 келі “синтетика” болған.