21 мам, 2021 сағат 12:15

Елордада үш ағайынды жігіт құрылыс алаңында ұрлықпен айналысқан


Елордада құрылыс алаңынан мыс кабель ұрлап, сатумен айналысты деген күдікпен ағайынды үш жігіт ұсталды. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біреуі 18 және екеуі 21 жастағы үш ағайынды жігіт құрылыс алаңында ауысыммен қара жұмысшы болып еңбек еткен. Компания ұсынған жатақхананың бір бөлмесінде тұрған. Ұрлық жасауды ойға алған олар топтарына 18 жастағы бір әріптестерін қосып алған. Түнгі ауысым кезінде топтың 2 мүшесі құрылыс алаңынан мыс кабель жинаумен айналысқан. Ал дәл осы уақытта қалған екі күдікті нысанға жақын жерге көліктерімен келіп, күткен. Олар қоршаудан сыбайластары мыс кабельдерін лақтырған кезде, оны көліктерін тиеп, оқиға орнынан бой тасалап отырған. Келесі күні ұрланған кабельдерді металл қабылдайтын пункттерге сатып жіберіп, түскен ақшаны өзара бөлісіп, қажеттеріне жаратқан», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, жеңіл жолмен ақша табудың дәмін татқандардың тағы да бір рет кабель ұрлағандары белгілі болып отыр. Шығынның жалпы сомасы 960 мың теңгені құрайды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасау күдігімен 4 жұмысшыны ұстады. Олар кінәларын мойындап, заттай айғақтар тәркіленген.

Қазіргі уақытта күдіктілердің қала аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.