Нұр-Сұлтан қаласының бірнеше қонақүйі уақытша стационар ретінде жабдықталуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын ескерту мақсатында эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласында жалпы 1051 төсектік стационар орналастырылды. Ауруханаларда 44 реанимациялық төсек пен 173 жасанды тыныс алдыру аппараты бар», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, «Рамада Плаза» қонақүй кешенінде (800 орынға арналған) жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Бүгін кереует (500 дана) пен төсек-орын жеткізіледі. Сондай-ақ «Турист» және «Алау» қонақүйлерімен келісімшарт жасау жұмыстары басталды», - деді С. Қисықова.
Бұған дейін Сәуле Қисықова 20 наурыз күні коронавирус инфекциясы анықталған 3 науқастың жай-күйін айтып берді. Төрт айлық нәрестесі бар отбасы 19 наурызда Париж-Минск-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, ауруханаға жеткізілген.
21 наурызда сағат 08.00-дегі жағдай бойынша елорда ауруханаларында барлығы 645 адам жатыр, оның 62-сі - балалар.
Осы уақытқа дейін инфекцияны жұқтырған: Нұр-Сұлтан қаласында - 28 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Талдықорған қаласында - 1 адам, жалпы 53 науқастіркелді.