ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте 14 адамның коронавирусты қайдан жұқтырғанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы тәулікте елордада коронавирус жұқтырған 14 адам тіркелді. Оның ішінде 9-ы – карантинде стационарда болғандар. Үшеуі бұрын тіркелген адамдармен байланыста болғандар. Біреуі – 25 наурызда Нұр-Сұлтандағы әуежайға ұшып келген адам. Бесеуі – стационарда пневмания күдігімен өткір ЖРВИ-мен жатқандар. Қалғандары – коронавирус бойынша жағдай жайсыз елдерден ұшып келгендерді қадағалау барысында анықталды», - деді министр «Хабар 24» арнасындағы онлайн режімдегі баспасөз мәслихатында.
Олардың бәрі қазіргі уақытта инфекциялық стационарға жатқызылған. Сонымен қатар олармен жақын байланысты болғандарды оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
«Кейінгі уақытта азаматтардың көшеге шығуын тежеу бойынша жиырмаға тарта сұрақ келіп түсті. Бұл сұрақ мемлекеттік комиссияның қарауында. Комиссия отырысы бүгін өтеді. Нәтижесін БАҚ-қа жариялаймыз», - деді ол.