Әскери қызметшілер елордадағы қоғамдық орындарды дезинфекциялауда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұр-Сұлтан қаласы дезинфекциялау бойынша 7 секторға бөлінген. Әр секторда дезинфекция жасалатын нысандар бар және құрамына 20 адам енген топ жұмыс істейді. Күн сайын таңертең жеке құрам, техника, дезинфекция жасайтын ерітінді дайындалып, тапсырма орындауға шығамыз. Мен төртінші секторға жауап беремін. Бұл секторда сауда-саттық дүкендері, қалалық ауруханалар, әкімдік сияқты қашықтан жұмыс істеу мүмкін емес нысандар бар. Нысанның ішін дезинфекцияламаймыз, себебі біздің қолдағы ерітінді нысан сыртын залалсыздандыруға арналған», - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің №68665 әскери бөлімі Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің басшысы Дмитрий Ефимов.
Оның айтуынша, адамдар көп жүретін жерлер дезинфекциялануда.
«Мысалы, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың негізгі кіре берісін, адамдар отыратын және көліктер тұрағын дезинфекциялап жатырмыз. Бүгін осылай жұмыс істеп жатқанымызға екінші күн. Жұмыс барысы неше күнге дейін созылатынын білмейміз. Бірақ қанша қажет болса – сонша жұмыс істеуге дайынбыз. Толық бір күн жұмыс істеу үшін 6 тонна дезинфекция жасайтын сұйықтық кетеді», - дейді ол.