Нұр-Сұлтанда ескертуге қарамастан, жол бекетін айналып карантин аймағынан өтпек болғандар азаймай отыр, - деп хабарлайды қала әкімдігі.
Қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласында карантин басталғалы 3 347 азамат жауапқа тартылып, оның 226-сы қамауға алынған. Сондай-ақ 2 348 адамға айыппұл салынып, 699 құқық бұзушыға ескерту жасалды. 74 іс сотта қаралуда.
Әкімдіктің айып тұрағына 1 160 көлік қойылды.
«Шектеу мен ескертуге қарамастан блокпосттарға тоқтамай, карантин аймағын кесіп өту жиі тіркелуде. Бүгінде 143 адам қамауға алынып, 44 адамға айыппұл салынды. 24 материал сот қарауына жіберілді», – дейді баспасөз қызметі.
«Қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, полицияның заңды талаптарын орындаңыз және оларға инфекцияның алдын алуға көмектесіңіз. Бұл шаралардың барлығы сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін жасалды», – делінген хабарламада.