17 сәу, 2020 сағат 18:11

Елордада азық-түлік себеті заттай емес, ақшалай берілуде

Елордада төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар жеке тұлғалардың шотына ақшалай қаражатты аудару арқылы берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезеңіне азық-түлік пен тұрмыстық жиынтығын алушылардың тізімін кеңейтті. 

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 25 наурыздағы 109-шы бұйрығына сәйкес, бүгінгі таңдағы төтенше жағдайға байланысты тиісті санаттарға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Сарыарқа» ауданы әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева. 

Осы орайда ол бұл төлем бірінші және үшінші топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға, сондай-ақ бала жасынан мүгедек баланы күтіп-бағып отырғандарға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 6-18 жас аралығындағы балаларына және АӘК алатын отбасының ересек адамдарына қарастырылғанын еске салды. 

«Бұл жәрдемақы әрбір алушының есепшотына автоматты түрде түседі. Атап айтқанда, ешқайда барудың немесе хабарласудың қажеті жоқ. Есепшотқа 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақы аударылады», - деді С. Станбаева. 

Нұр-Сұлтан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, төтенше жағдай кезінде елорда тұрғындарының жекелеген санаттарын азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету ақшалай төлем (4 АЕК) түрінде қарастырылған. Осы орайда ТЖ кезеңінде аталған төлем 30 мыңнан астам қала тұрғынының жеке есепшоттарына түсірілді. 

Еске сала кетейік, 15 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Жеделдікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды жеке тұлғалардың шотына ақшалай қаражатты аудару арқылы беру туралы ұсынысты мақұлдады. 

«Өңірлердің әкімдіктері ұсынылған тетікке сәйкес көмекті алушыларға ақшалай қаражаттың уақытылы аударылуын қамтамасыз етуі керек. Карта шоттары болмаған жағдайда немесе көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізуді қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.