13 нау, 2020 сағат 15:33

Елордада аз қамтылған отбасыларының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріліп жатыр

Елордада аз қамтылған отбасыларының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы мұқтаж жандарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде еңбекке ынталандыру, әділ әрі таза болуы үшін АӘК-ті тағайындаудың тетігін реттеуді тапсырған еді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет пен АӘК және тұрмысы төмен отбасыларға арналған жаңа жәрдемақыны қосқандағы кешенді жаңа шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта ұзын-сонар кезек болдырмау мақсатында елордалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алушылардың тізімін жасады. Әлеуметтік пакеттер ай сайын кесте бойынша беріледі», - деді бүгін БАҚ өкілдеріне әлеуметтік пакеттерді отбасыларға қалай беріліп жатқанын көрсеткен Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Құралай Жанұзақова.

Оның атап өтуінше, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер елорданың 4 ауданындағы «Магнум» ЖШС сауда желісінің 5 супермаркетінде белгіленген кесте бойынша беріліп жатыр. Кестеде азаматтардың кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерді қашан және қайдан алуға болатыны және азаматтардың супермаркеттің қай филиалына бекітілгені көрсетілген. Көмек алушы тізімнен өзін тапқаннан кейін өзі бекітілген Magnum филиалына баруы қажет.

«Жалпы, әлеуметтік топтамалармен 4409 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Олардың ата-аналары осы жылдың қаңтар-ақпан айларында АӘК алу жөнінде өтініш берген еді. Бүгінгі күні кепілдендірілген әлеуметтік топтамалармен 2,6 мың бала қамтылды. 1-3 жас аралығындағы балалар кепілдендірілген әлеуметтік топтамасында 2 дана 400 г сұлы жармасы, 1 дана 400 г жүгері жармасы, 2 дана 160 г гипоаллергенді балалар ботқасы, 1 дана 180 г балалар печеньесі, 10 дана 50-100 г балалар жеміс және көкөніс езбесі, 2 дана 1 л пастерленген сүт бар», - деді ол.

Бөлім басшысының дерегінше, 3-6 жас аралығындағы балаларға 200 г табиғи бал (1 дана), 800 г ұнтақталған бұршақ (1 дана), 1000 гр арпа жармасы (1 дана), 700 гр ұнтақ жармасы (1 дана), 400 гр сұлы қауызы (2 дана), 800 гр қарақұмық жармасы (2 дана), 400 гр макарон (2 дана), 250 гр таңғы ас жастықшалары (1 дана), 0,8 л күнбағыс майы (1 дана), 200 гр балалар печеньесі (2 дана), 40 гр гематоген (6 дана), 1 л пастерленген сүт беріледі (2 дана).

«1 мен 6 жас аралығындағы балаларға арналған әлеуметтік көмекке азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарлары кіреді. Ол тоқсанына бір рет беріледі. Тұрмыстық химия тауарларының жиынтығына балалар тіс пастасы (кемінде 50 миллилитр), балалар тіс щеткасы, (кемінде біреуі), балаларға арналған гипоаллергенді сабын (кемінде 180 грамм), балалар сусабыны (кемінде 200 миллилитр), балалар кремі (кемінде 45 миллилитр), кір сабын (кемінде 200 грамм), балалар кір жуғыш ұнтағы (кемінде 800 грамм) кіреді», - деді Құралай Жанұзақова. 

Айта кетейік, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер берілетін елордада «Магнум» сауда желісі мына мекен-жайлардағы супермаркеттерінде беріледі: Алматы ауданы, Еділ көшесі, 26, Жансүгіров көшесі, 8/1 «Б» литері; Байқоңыр ауданы, Ш. Уәлиханов көшесі, 20; Есіл ауданы, Тұран даңғылы, 55 «Д»; Сарыарқа ауданы, Алаш тас жолы, 23/1.