27 мам, 2021 сағат 15:58

Елорда тұрғыны әйелін ұрып жатқан адамның өзін соққыға жығып, тонап кеткен


Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері кісі тонады деген деген күдікпен 27 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында алкогольдік ішімдікке қызып алған ерлі-зайыптылар жанжалдасып, күйеуі әйелін ұрғаны анықталды. Көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ ер адам алдымен әйелді қорғамақ болып, оның күйеуін ұрып жіберген. Сосын оның ұялы телефонын ұрлап, оқиға орнынан ізін жасырған. Таяқ жеген жәбірленуші полицияға шағымданған. 

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ұсталған адамның бұрын қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындап, ұялы телефон иесіне қайтарылған. Қазір ұсталған азамат изоляторға қамалды. 

Аталған факті бойынша «тонау» бабымен қылмыстық іс қозғалды, ұсталған ер адамның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Ал жәбірленушімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ерлі-зайыптылар татуласқан.