20 шіл, 2020 сағат 12:52

Елорда тұрғыны: Әкемді емдеген дәрігерлер соғыста жүргендей әр науқастың өмірі үшін күресті

Елорда тұрғыны әкесін коронавирустан емдеген дәрігерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзімнің және әкем Оразғали Абдраимовтың атынан Нұр-Сұлтан қаласының №3 балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне, атап айтқанда бөлім меңгерушісі Гүлмира Нұртазинаға, емдеген дәрігер Гауһар Құттыбекке, сондай-ақ кіші медициналық персонал Нұрбану Мұсахметоваға, Меруерт Байкеноваға еңбегі үшін алғыс айтамын. Әр күн сайын адам жанын ажалдан арашалап жатырсыздар», - деп жазды Ғалия Абдраимова Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, әкесі коронавирус дертіне шалдыққан. 

«Әкем 11 күн бойы үйде хаттама бойынша емделді, бірақ денсаулық жағдайы жақсарған жоқ. Стационарда қалай емдейтіні туралы жағымсыз пікірлерді оқығаннан кейін ауруханаға баруға қорықтық», - дейді елорда тұрғыны. 

Бірақ дәрігерлер талдау қорытындысын қараған соң әкесін ауруханаға жатқызуға көндірген. 

«Дәрігерлер әкеме заманауи медициналық көмек көрсетті. Күн сайын емдейтін дәрігері мен бөлім меңгерушісі науқастардың қал-жағдайын сұрап, жағдайына қарай ем жазып беріп отырды. Олар науқастарға рухани көмек көрсетті, бұл ауырып жатқан науқастар үшін өте маңызды дүние. Дәрігерлер соғыс алаңында жүргендей әр науқастың өмірі үшін күресуде. Өз ісінің шеберлерінің емін алған әкемнің жолы болды. Сіздерге және жақындарыңызға денсаулық тілеп, алдарыңызда басымды ием», - дейді ол.