Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі әуежай кодын өзгерту қажеттігі жоқ екенін хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана әуежайының коды NQZ болып сақталады. Қазіргі уақытта кодты өзгерту мәселесі жоқ», - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Парламент депутаттары конституциялық өзгерістерді қабылдағаны хабарланған болатын. Заң жобасы шеңберінде үш бағыт қаралды:
Біріншісі, кейіннен қайта сайлану құқығынсыз ұзақтығы 7 жыл болатын бір Президенттік мерзім туралы ереже;
Екіншісі, Конституциялық Соттың судья болып қайта тағайындалуына шектеу белгілей отырып, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін 8 жылға дейін ұлғайту; Үшіншісі, Қазақстан астанасының атауын өзгерту.
Айта кетейік, 2017 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (IATA) КСРО дәуірінен бері ауыспай келе жатқан Астана және Қазақстанның өзге де қалаларындағы әуежайлар кодын өзгерту жөнінде келіссөздерді бастады.
Кейін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) 2020 жылғы 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қолданыстағы TSE үш әріпті кодын NQZ-ге өзгерту туралы түпкілікті шешім қабылданды.