31 жел, 2021 сағат 14:08

Еліміздің отын-энергетика саласын дамыту үшін қандай жобалар жүзеге асты


2021 жылдың қорытындысында елімізде 185 мың тонна мөлшерінде мұнай-газ-химия өнімі өндіріледі. Бұл жайында ҚР Энергетика министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұнай-газ-химия өндірісін дамыту

Қазіргі уақытта республикада хош иісті көмірсутектер өндірісі, полипропилен және бензинге арналған октанды көтеретін қоспалар шығаратын зауыт, сондай-ақ майлау майларын шығаратын зауыттар жұмыс істейді. 

Отын энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасының жоспарларына сәйкес 2030 жылға қарай мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 18 есе артып, 3,4 млн тоннаға дейін жетеді.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қуаты 57 мың тонна метил-трет-бутил эфирі зауыты іске қосылды. 

2022 жылы Атырау облысында қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған. 

Сонымен қатар мұнай-газ-химия саласында бірқатар ірі жоба, атап айтқанда, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 189 мың тонна бутадиен өндіру бойынша жобалар іске асырылатын болады. 

Полиэтилен жобасы бойынша бүгінгі таңда стратегиялық инвестормен ынтымақтастықтың базалық шарттары жөніндегі келісімдерге қол қойылды. 

Бутадиен жобасы бойынша осы жылдың мамыр айында стратегиялық әріптес ретінде «Татнефть» жария акционерлік қоғамымен жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісім рәсімделді. 

Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізіліп жатыр. 

Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен 8,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамту

Осы жылдың тамызынан қазан айына дейін еліміздің жанар-жағармай материалдары нарығында дизель отыны тапшылығының пайда болды. 

Осыған байланысты Энергетика министрлігі ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін нақты іс-шаралар қабылдады. 

Атап айтқанда, 2022 жылғы 21 мамырға дейін автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. 

Атырау мұнай өндеу зауытындағы жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылды. 

Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйек айынан қараша айына жылжытылды. 

Ресей Федерациясының мұнай өңдеу зауыттарынан 281 мың тонна көлемінде дизель отыны импортталды.

Осыдан кейін алдағы уақытта жанар-жағармай материалдарының тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар іс-шара әзірленді. 

Біріншіден, мұнай өңдеу зауыттарының кеңейтілген жөндеу жұмыстары аралық кезеңге көшіріледі. Жөндеу мерзімдері қысқартылады. 

Екіншіден, 200 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтік қорлары құрылады. 

Үшіншіден, мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарының және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру, оған сәйкес ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын жөнелту ақпан айында, бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын басталатын болады. 

Төртіншіден, мұнай базалары есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырылады. 

Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі – 85,7 млн тонна, мұнай экспорты – 67,6 млн тонна, мұнайды қайта өңдеу көлемі - 17,1 млн тонна және мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,1 млн тонна болды. 

Сонымен қатар алдағы онжылдықтың перспективалық жобаларының бірі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары іске асырылады. 

Құны 4,5 млрд АҚШ доллары болатын бұл кен орындарды игеру 2028 жылдан бастап қосымша 4 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Биыл газ өндіру көлемі 54 млрд текше метр деңгейінде күтіліледі. Оның ішінде тауарлық газ өндірісі - 29,4 млрд, газ экспортының көлемі – 7,7 млрд, ал сұйытылған газ өндірісі 3,1 млн текше метр мөлшерінде болжанып отыр. 

Алдағы уақытта Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз нысандарында жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру шикі газ өндіруді 2030 жылға қарай 87,1 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Электр энергиясы тапшылығын жою

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021 жылдың қорытындысында электр энергиясын өндіру 113,7 млрд кВт/сағат деңгейінде күтілледі. 

Жалпы биыл 2020 жылмен салыстырғанда тұтынудың өсуі шамамен 6 пайызды құрайды. 

Дегенмен, елімізде Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтелетін 250 млн кВт/сағ көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалады.

Сондықтан экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу мақсатында жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және жаңа электр станцияларын салу жоспарлануда. 

Мұнан бөлек жаңартылатын энергия көздерін іске қосу аясында 11 ГВт өндіруші қуаттарды іске қосу және 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласын дамытудың 3 жобасын іске асырмақ. 

Бірінші, Ақтөбе жылу электр орталығында құны 21,7 млрд теңге болатын кәдеге жаратушы қазандығы бар газ турбиналы қондырғысы салынады. 

Оның электр қуаты 57 МВт болады. Екіншіден, Екібастұз ГРЭС-1-дің электр қуаты 500 МВт болатын № 1 энергия блогын қалпына келтіру жүргізіледі. Жобаның құны – 110,5 млрд теңге. 

Үшінші, қуаты 636 МВт, құны 450 млрд теңге болатын №3 энергия блогын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау жүргізіледі. 

Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай жиынтық белгіленген қуаты 1 100 МВт-тан асатын қосымша қуаттарды іске қосу қамтамасыз етіледі. 

Мұнан бөлек, ГРЭС-2-нің 4 және 5-блоктарын салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Біртұтас энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жалпы жиынтық қуаты 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерацияны енгізу бойынша 7 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Бұл жобалардың жалпы құны – 1,5 трлн теңге.