17 нау, 2020 сағат 09:01

Еліміздің еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп бар - Біржан Нұрымбетов

Еліміздің еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы күнге дейінгі еңбек нарығы жағдайы тұрақты болғанымен, сыртқы нарықта қалыптасып жатқан факторларға байланысты еліміздің еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп туу тәуекелі болжанады. Оның ішінде жұмыскерлердің босатылу мүмкіндігі, жаңа құрылатын жұмыс орындарының азаюы, жұмыссыздық деңгейінің өсуі бар. Елімізде осындай кері әсерлерді болдырмау мақсатында жаппай жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы жаңа шараларды қамтитын Жол картасы әзірленіп жатыр»,- деді министр. 

Оның атап өтуінше, жол картасында 2009-2010 жылдары оң нәтижесін берген, жұмыссыздар санының өспеуіне әсер еткен әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шаралары көзделеді. 

«Біріншіден - әлеуметтік-мәдениет нысандарын, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс нысандарын қайта құрылымдау, күрделі және ағымдағы жөндеу. Екіншіден - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу. Бұл - сумен қамту, кәріз нысандары, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері», - деді ол.

Министрдің айтуынша, үшіншіден инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жобалары қолға алынады. Оған қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер жөндеу кіреді. Төртіншіден елді мекендерді абаттандыру жүргізіледі. 

«Аталған инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін және жаңғырту сұранысын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген өңірлердің проблемалық мәселелерінің скринингі негізінде анықтау ұсынылады», - деді Біржан Нұрымбетов.